Ертістің арғы жағы мен бергі жағын жалғастырып жатқан "Аспалы көпір" – Шығыс Қазақстанның жеті кереметінің бірі саналады.
Аспалы көпір – құрылысының негізгі бөлігі иілмелі, жұмсақ материалдардан (шоғырсым, болат арқан, шынжыр) жасалатын, ұзыннан-ұзақ тартылған көпірдің бір түрі. Көпірдің негізгі жолы ілгектер арқылы діңгектерге бекітіліп, аспанда қалқып тұрады.
Семей қаласының мақтанышы саналатын аспалы көпір ТМД аумағындағы өзен арқылы өтетін жалғыз және әлемдегі осындай типтегі 17-ші көпір. Ол Сан-Францискодағы Алтын Қақпа көпірімен, Лондондағы мұнаралы көпірмен және Түркия еліндегі Босфор көпірімен салыстырмалы бірегейлікке ие. Аспалы көпір – қала өңірінің оң жағы мен сол жағын байланыстыратын теңдесі жоқ құрылыс нысаны. Бұл көпір күніне 60-80 мыңнан астам көлік қозғалысын қамтамасыз етеді.
Көпір жер сілкінісіне төзімді етіліп жасалған. Көпірдің кеңістіктегі ұзындығы – 750 метрлік орталық аралықпен және әрқайсысы 168 метр болатын екі кірме жол өткелімен жабдықталған. Жалпы ұзындығы – 1086 метр. Ені – 35 метр, биіктігі – 90 метр. Көпірдің үстімен ені 3,75 метр болатын үш жолақты екі қозғалыс жолағы өтеді.
Жобаны «Исикавадзима-Харима Хеви Индастриз Компани» деп аталатын Жапон компаниясы дайындаған. Құрылысты жапониялық «IHI» мен Түрік елінің «Аларко Алсим» фирмасы біріге отырып жүргізген.
Түркияның «Алсим Аларко» фирмасы көпірге келіп тоғысатын 16 шақырымдық жол торабымен айналысқан. Көпірдің басқа көпірлерден бірден бір ерекшелігі — жол бетіне табиғи асфальт төселген. Табиғи алфальт өте берік және ауыр жүкті транспорттарға төзімді келеді. Мамандардың айтуынша, асфальт Кариб бассейніндегі Тринидад көлінен арнайы тапсырыспен әкелінген екен.
Аспалы көпір мерзімінен бұрын аяқталып 2000 жылдың 17 қазанында пайдалануға берілді.
Көпірдің пайдалануға берілуі ескі автомобиль көпірінің жүктемесін азайтып, республикалық және халықаралық маңызы бар жолдардың, соның ішінде Ресейдің Омбы — Новосибирск — Павлодар бағытындағы жолдардың тиімділігін арттырды. Бұл нысан — өңірдің әлеуметтік, туристік және экономикалық дамуындағы маңызды фактор.
Әдебиеттер:
ТМД-дағы ең үлкен аспалы көпір – Қазақстанда // https://massaget.kz/Qazaqstanym/tmd-dagyi-en-ulken-aspalyi-kopr-kazakstanda-21043/
Кузина, С. В. (2013). Мосты, соединяющие людей. Современные проблемы сервиса и туризма , (2), 8-13.
Rustemova, S., & Zhakupov, A. (2024). Анализ туристского потенциала Абайской области. ECONOMIC Series of the Bulletin of the LN Gumilyov ENU , (1), 437-454.
