Search

Рахман қайнары

  • Бөлісу:
Рахман қайнары


 

Рахман қайнары – Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданындағы шипалы жылы су көзі. Өскеменнен 460 км, Катоннан 115 км қашықтықта, теңіз деңгейінен 1760 м биіктікте, Арасан көлі жағасында орналасқан. Айналасы биік таулар мен ну орман қоршаған әсем табиғатты өңір.

Қайнар суы граниттегі терең тектоникалық жарықтан шығады, температурасы 35–42°С шамасында. Оның шипалық қасиеті ертеден белгілі. Аңыз бойынша, 1763 жылы аңшы Рахманов жаралы маралдың осы суға түсіп, сауығып шыққанын көріп, қайнардың емдік күшін байқайды.

Ғалымдар мұндағы жерасты суларының құрамында радон элементі барын анықтаған. Бұл табиғи радиоактивті элемент буын, омыртқа, жүйке және тері ауруларын емдеуге пайдалы. Суы таза, мөлдір және құрамында көмірқышқыл көпіршіктері көп. Жылы бұлақтың суы Рахман көліне құяды.

Рахман көлі үш жағынан биік таулармен қоршалған аңғарда орналасқан. Ауданы 1,14 км², ұзындығы 2,6 км, тереңдігі 30 метрге дейін жетеді. Көл суы жасыл-көгілдір, мөлдірлігі 6 метрге дейін байқалады. Шілдеде су беті 16°, түбі шамамен 4,6°С болады.

Көлден 1,8 км жерде Рахман сарқырамасы орналасқан. Ол биіктігі 65–85    метр биіктіктен бірнеше каскадқа бөлініп құлап ағып, ерекше табиғи көрініс жасайды.